«Қасиетті Рамазан айы – адамдарға жол көрсетуші және тураны терістен айырудың айқын дәлелдері ретінде Құран түсірілген ай. Олай болса, сендерден Рамазан айына жеткендер сол айда ораза ұстасын...» (Бақара, 183).
Рамазан айының қалған он бір айдан ерекшелігі мен айырмашылығы қай қырынан алсақ та көк пен жердей. Рамазан айын он екі айдың сұлтаны деп қалай дәл айтқан?
Жаратушының алғысына, разылығына, шапағатына лайық пенделерді осы дүниеде жүргенде-ақ қуантатын Құран аяттары мен пайғамбар (с.ғ.с.) хадистері сөзіміздің дәлеліндей: «Рамазан айы кіргенде жаннат есіктері ашылады. Жаһаннам есіктері құлыпталады. Шайтандар шынжырмен байланып, қамалады» (Бухари, Муслим). «Егер адам баласы Рамазан Шариф айының не екенін лайықты түрде білсе ғой, жылдың басынан аяғына дейін рамазан болуын қалайтын еді» (Ибн Хузайма). «Кімде-кім (шариғат мақұлдайтын) бір себеп болмай Рамазан айының бір күнін оразасыз өткізсе, Рамазаннан басқа күндердің барлығын оразамен өткізсе сол күннің сауабына жете алмайды».
«Рамазан айы кіргенде (бүкіл әлемді илләһи рахымдылыққа бөлеу үшін) жаннат есіктері ашылып, жаһаннам есіктері жабылады. Шайтандар кісенделіп, тұтқындалады» және «Кім Қадір түнін шынайы иманымен, сыйын Алладан күтіп, ғибадатпен өткізсе де, оның өткендегі бүкіл күнәлары ғапу етіледі» (Бухари, Муслим).
Қағб ибн Ужрадан (Алла оған разы болсын):
«Алланың елшісі бізге (с.ғ.с.) мінберге жақынырақ отыруымызды бұйырды. Біз мінбердің алдына жиналдық. Ол (с.ғ.с.) мінбердегі, үш баспалдақтың әрбіріне шыққан сайын «Әмин!», – деді. Мінбеден түскенде:
– Әй, Алланың Расулы! Бүгін біз сізден бұрын естімеген жаңа бір нәрсе (сөз) естідік, – дедік. Сонда хазіреті пайғамбар (с.ғ.с):
– Мінбеге шығарда Жәбірейіл (ғ.с.) келді. Мен бірінші баспалдаққа шыққанымда маған:
– «Рамазан Шәрифке жеткенімен, жарылқанбағанға лағынет болсын!»,– деді. Мен:
– «Әмин» - дедім. Екінші баспалдаққа көтерілгенімде:
– «Қасында сенің атың айтылғанымен, саған салауат айтпағанға лағынет болсын! – деді. Мен:
– «Әмин» - дедім.
Сосын үшін баспалдаққа шыққанымда:
– «Әке-шешесінің немесе олардың біреуінің қартайғанын көріп (оларға қызмет етпей, ренжітіп алып) жаннатқа жете алмағандарға лағынет болсын!», – деді. Мен «Әмин», – дедімдеп айттыдеген хадис жеткізіледі (Хаким, Тәбәрәки).
Әбу Хурайра (р.а.) риуаят еткен келесі хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с): «Рамазан айында менің үмбетіме бұрынғы үмбеттерге берілмеген бес ерекшелік беріледі, олар:
- 1. Ораза тұтушының аузының иісі Алланың қасында мисктен (духи) артық, хош иісті.
- 2. Мұхиттағы балықтың өзі олар ауыз ашқанша оларға дұға етеді.
- 3. Жаннат күн сайын олар үшін әшекейленіп, дайындалады. Алла тағала оған: «Жақында менің ізгі құлдарым (дүниенің) машақатын иықтарынан тастап саған келеді. Кейін былай деді:
- 4. Басқа айларда істеген жамандықтарын бұл айда істемесін деп азғын шайтандар тұтқындалады.
- 5. Рамазанның соңғы түні ораза тұтқандар кешіріледі.
Сахабалар: «Ия, Расул Алла! Ол (кешірім түні) Қадір түні ме екен?» – деп сұрады. Ол (с.ғ.с.): «Жоқ, бірақ (заң бойынша) жұмысшыға ақысы ісін бітірісімен төленеді», – деді» деп келеді (Ахмед, Бәззар, Бәйхәки, Ибн Хиббан).