СӘЛӘФИ АҒЫМЫНЫҢ ТАРАЛУЫНА КӨПТЕГЕН ФАКТОРЛАР ЫҚПАЛ ЕТЕДІ
СӘЛӘФИ АҒЫМЫНЫҢ ТАРАЛУЫНА КӨПТЕГЕН ФАКТОРЛАР ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары Қазақстанға түрлі діни ағымдардың көптеп келгені ақиқат. Дін атын жамылған олардың іс-әрекеті мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынып, тиісті шаралар қабылданды. Біз бүгінгі сұхбатымызда еліміздегі сәләфи ағымының таралуы, олардың ұстанымы және оның таралуына әсер ететін факторлар төңірегінде белгілі исламтанушы ғалым Рашид Мухитдиновпен әңгіме өрбітетін боламыз.

 – Рашид Сражұлы, елімізде кең етек жайған ислам діні ағымдарының бірі – сәләфи ағымы. Бұл бағыт қалай пайда болды?

– Сәләфи немесе уаһаби деп аталып жүрген ағымның шығу тарихы туралы осы уақытқа дейін талай айтылды ғой. Қысқаша айтқанда, Сауд Арабия Королдігінің мемлекет болып қалыптасуына идеологиялық негіз болған Мұхаммед Абдул-Уаһһабтың діни ұстанымынан бастау алады. Олар діни мәселелерде көп жағдайда Ибн Тәймияның көзқарастарын қолдайды әрі дәріптейді.

– Бұл ағымды ұстанатын адамдардың өзге мұсылмандардан ерекшеліктері бар ма?

– Егер сыртқы формасындағы айырмашылық туралы айтсақ, олардың еркектері қысқа балақ шалбар, жаздың күндері көбінесе тізеден түсетін шорти киеді. Әйелдері қара түсті киім киеді. Бірақ мұндай киім киетіндердің барлығын «уаһаби» деп ойлап қалуға да болмайды.

Ал, діни ұстанымдарындағы айырмашылықтарына келсек, олар белгілі бір ғалымдардың көзқарастарын ғана Құран мен сүннетке сай пікір деп қабылдайды. Солардың сөздерін ғана нағыз пәтуа деп ойлайды.

– Кейбір деректерге қарағанда, сәләфи ағымы өзара бөлінетін көрінеді... 

– 1990 жылы сол уақытта Иракты басқарып отырған Саддам Хусейн Кувейтке басып кіреді. Ал Кувейттің сол уақыттағы үкіметі бас сауғалап Сауд Арабиясын паналайды. Осы оқиғадан кейін АҚШ Иракқа қарсы әскери қимыл бастауды қолға алады. Өз шекарасын, қауіпсіздігін қорғау мақсатында Сауд Арабиясы өзінің әскери базаларын АҚШ көмек ретінде береді. 

Сауд Арабия үкіметінің АҚШ-тан көмек алуын «кәпірден көмек алу» деп бағалаған Сафар әл-Хауали, Салман Ауда сияқты ғалымдар мен қоғам қайраткерлері үкіметтің бұл шешіміне қарсы шығады. Кейіннен оларды қарсыластары «суруриттер» деп атап кетеді. Ол осы бағыттың негізгі көшбасшыларының бірі Мұхаммед Сурур Зейнулабидиннің есімімен байланысты. Сауд Арабиясының сол тұстағы муфтиі Ибн Баз және «Үлкен ғалымдар ұйымы» үкіметтің бұл шешімін қолдағанымен оған қарсы болғандарды қатты айыптамайды. Сол уақытта үкіметтің ісіне қарсы шыққандары хауариждер деп, оларды мысырлық ихуандармен (мұсылман бауырлары) байланысы бар деп айыптаған Мұхаммед ибн Әмән әл-Жәми және Рабиғ ибн Һәди әл-Мадхали секілді адамдар да пайда болды. Осы топтың «жәми» және «мадхали» деген екі атауы бар. Кейбір сарапшылар мадхали тобының пайда болуына Сауд Арабия Ішкі істер министрлігі ықпал жасады деп те есептейді. Яғни, сәләфилердің іштей ыдырауына саяси фактор әсер еткен. Осы есімдері аталған топтардың ешқайсысы өздерін бұлай атауды қаламайды және бұлай атағандарды қатты сынға алады. Олардың әрқайсысы өздерін сәләфи ретінде таныстыруға тырысады. Бұлардың арасында ақида мәселесінде айырмашылық жоқ десе де болады.

– Осы ағымды ұстанушылар өзгелерге «Мәзхабпен жүргенше, сүннетпен жүр» дегенді жиі айтады. Олардың бұл уәжі туралы не айтасыз?

– Олар «Құран мен сүннет және ол екеуін сәләф салихтардың түсінігімен түсінуміз керек», «Діни мәселеде Құран мен сүннетті басшылыққа аламыз» деген сияқты жүрегінде иманы бар әрбір адамға әсер ететін ұрандарды басшылыққа алады. Дінге жаңадан келген діни мәселелерді толық түсінбейтін жастар үшін пәлен ғалым «үй» деді, түген ғалым «бүй» деді деген сөздерге қарағанда «Алла тағала былай деді», «Пайғамбар айтты» деген сияқты сөздер тартымды және құлақтарына жағымды естіледі. Олардың «Біз сүннетпен жүреміз» деген сөзінің өзі талай жасты ертіп алатындығы анық. 

Ханафи мазһабы Ислам әлемінің ең танымал төрт мазһабының бірі, пәтуа шығарғанда, діни мәселелерді шешуде сәләф салихтардың діни ұстанымдарын басшылыққа алатын әһлу әс-сунна уа әл-жамағадан. Яғни, ханафи мазһабы қалған үш мазһаб сияқты нағыз сәләфтардың жолын жалғаушы, ізін басушы үлкен діни әрі ғылыми мектеп. Сондықтан, үгіт-насихат жүргізгенде «ханафи мазһабында» дегеннен қарағанда ханафи мазһабы негізінде берілген пәтуаны «сүннет бойынша» деп айтудың ешқандай да діни де, ғылыми да қателігі жоқ. Осы тәсілді қолдану біраз жастың ханафи мазһабына деген көзқарасын өзгертуі мүмкін. Өйткені, ол жастар ханафи мазһабын немесе жалпы мазһабтарды теріске шығаруды емес, сүннетке сай өмір сүруді, құлшылықтарын өтеуді қалайды. Алайда, олар сол мазһаб ұстанудың сүннетпен жүру екендігін түсінбейді. Себебі бұл бағытта жүргізіліп жатқан уағыздар, лекциялар аз. Біздің ойымызша, осы бағытта жұмыстар жүргізілу қажет.

Сәләфи ағымы үгіт-насихатының басты әдісі – қысқалық және нақтылық. Яғни олар діни мәселелерді түсіндіргенде нақтылықты және қысқалықты басшылыққа алады. Мысалы, «бұл мәселе былай, себебі хадисте былай айтылған» деген сияқты қысқалық әрі нақтылық бар. Өз деректері мен дәлелдерін келтіргенде өздеріне қарсы дәлел болатын пікірлерді, олардың дәлелдерін талдап жатпайды. Мәселенің өз ұстанымдары бойынша жауабын береді. 

Ал төрт мазһабта мәселені кеңінен талдап қарастыру әдісі көп жағдайда басшылыққа алынады. Басқа көзқарастағы ғалымдардың пікірін талдаумен, олардың пікірлерін түсіндірумен, мәселеге көп тоқталумен шұғылданып кетеді. Және сәләфи ағымындағылар сияқты әрдайым өз ұстанымдарын мәселенің жауабы ретінде көрсетпей жатады. Яғни басқа мазһаб өкілдерінің пікірлерін де ескеріп отырады. Бүгінгі күні адамдар, әсіресе жастар, уақыт үнемдеуге тырысады. Сол үшін олар бір мәселенің кеңінен түсіндірілгенінен, қысқа тоқетері айтылғанды ұнатады. 

Сәләфи ағымын ұстанушылар өз пікірлерінің дәлелдеріне өзгелерге қарағанда көбірек көңіл аударады. Олар өз сөздерін Құранмен, хадиспен қуаттап тұрғанда естуші жастар осы ақиқат екен деген ойға қалады. Ал мазһаб ұстанушылар көп жағдайда, дәлелдері бар болса да, дәлел іздеуді, сөздерін Құран мен сүннеттеп күшейтуге аса мән бермейді. Тек соңғы жылдары ғана бұл олқылық ақырындап қолға алына бастады.

– Сәләфи ағымы өз идеологияларын таратуда қандай әдіс-тәсілдерге жүгінеді?

– Әрине, олар интернет жетістіктерін пайдалануда алда келеді. Мысал үшін бір мәселені, әсіресе, араб тілді интернет ресурстарда сәләфи ағымының мәліметтері іздеу барысында бірінші болып шығады. Соңғы екі-үш жылға дейін бұл қазақ және орыс тілді діни сайттарда да байқалатын. Әлеуметтік желілерде де сәләфи ағымын қолдайтындар жиі көзге түседі. Біздің ойымызша, ҚМДБ ұстанымын елге түсіндіру үшін, әртүрлі қыңыр пікірлерден қорғап отыру үшін арнайы адамдар тобы діни сайттарда сілтеме (комментари) жасаумен айналысу керек. 

Сәләфи ағымының Қазақстанда кең жайылуына біз айтқандардан да басқа себептері бар. Кейбір қатты кеткен ағым өкілдері артынан ергендерге басқа діни мамандардың уағыз-насихатын естуге, тіпті олармен араласуға да тыйым салады. Бұл жақсылыққа жетелейтін құбылыс емес.

– Жалпы, аталмыш ағым өкілдері Қазақстанға қай кезден бастап келе бастады? Олардың идеясын елге ең алғаш алып келген кімдер?

– Аталмыш ағым Қазақстанға басқа діни ағымдар сияқты ел тәуелсіздігін алғаннан кейін келе бастады. Алғашқыда әртүрлі қайырымдылық қорлар және Қазақстанда оқитын араб студенттер арқылы кірді деуге болады. Кейіннен араб елдерінде тәлім алған өз отандастарымыз арқылы дамыды.

Елге келетін қауіп түсінікті ғой. Ол – мұсылмандар арасында жік тудыру. Алтауды ала қылып, ауыздағыны кетіру. Ауызбіршіліктен айырылып, жауға жем болу. Кез келген елді жаулау үшін «бөліп ал да билей бер» саясатының түпкі мақсаты.

Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, жалпы ханафи мазһабын ұстанушылардың ұстанымдарымен салыстырып өтейін. Біріншіден, мемлекеттік қолдау. Сәләфи ағымы – белгілі бір мемлекеттің, яғни Сауд Арабия Корольдігінің ресми жүргізіп отырған діни саясаты, діни ұстанымы, идеологиясы. Мемлекет тарапынан қолдау тапқан ағым өкілдері өз идеалогиясын тарату жолында мемлекеттің мүмкіндіктерін пайдаланатындығы белгілі. Басқа діни ағымдардың көп жағдайда мемлекет тарапынан осы сияқты ашық, ресми демеу көруі өте сирек. Мемлекеттің тікелей қолдауына ие болғандықтан, көптеген жобалар, іс-шаралар қолға алынады, жоспарлар жасалады, ғылыми зерттеулер жүргізіледі, білім беру жүйелі түрде жолға қойылады және осы жобалар мен жоспарларды, зерттеулер мен білім беруді іске асыру үшін қомақты қаражат бөлінеді. Себебі, осы арқылы ол мемлекет өз ұстанымын қорғайды, насихаттайды.

Араб мемлекеттері мен басқа да мұсылман елдерінде сәләфи ағымын ұстанатын ғалымдар көп. Тәуелсіздіктен бері жиырма жылдың ішінде сол мемлекеттерде тәлім алған қазақстандық жастардың саны еселене түсті. Сәләфи ағымын ұстанатын ұстаздардан тәлім алған қазақстандық жастар елге оралғаннан кейін өздері үйренген діни мәліметтерді таратумен айналысты. Бұл жерде ескерте кететін мәселе ол жастардың көпшілігі өз уағыз-насихаттарын бар ықыласымен, ынта-жігерімен жүргізді. Қай уақытта істі шын ниетімен орындайтын болса, ол істің жеміс беретіндігі айқын.

Ащы болса да шындық, осындай ынта-жігер көптеген мешіт имамдарының бойында табылмай жатады. Мешітке жаңадан келген жастар, діни білімі жоқ не таяз жандар өз ісіне құлықсыз имамдар мен аз да болса діннен хабардар, өз ісіне, діни ұстанымына берік жастарды көргенде жастардың жағына ауып кетіп жатады. Бұл жағдай да сәләфи ағымының кең тарауына өте үлкен ықпал етті. Олар адамдарды өз жағына тартуда имамдардың жоғарыда аталған кемшіліктерін де тиімді пайдалана біледі. Имамдардың кемшіліктерін көрсету арқылы имамның ұстанымын тыңдаушының алдында төмендетеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл жайттан хабардар деген ойдамыз. Негізі осы олқылықты түзету үшін тиісті орынға лайықты кадрларды тағайындау аса маңызды.

– Осы мәселелердің алдын алу мақсатында не істеу керек деп ойлайсыз? 

– Қазақстан – зайырлы мемлекет, дін мемлекеттен бөлінген. Сондықтан, ресми дін өкілдері үкімет тарапынан тікелей қаржылай қолдау таба алмайды. Дін өкілдері мемлекеттік ғылыми жобаларға етене араласа алмайды. Себебі, ғылыми жобаларды көп жағдайларда жоғары оқу орындары, ғылыми зерттеу орталықтары ұтып алады. Ал, ғылыми зерттеу орталықтарында ислам дінінің ішкі проблемаларын терең түсінетін мамандардың жоқ екендігі тағы да белгілі. Онда көп жағдайда дінтану мамандары, философтар, тарихшылар қызмет атқарады. Олар өз мамандығын шебер игергенімен де, ислам дінінің ішкі мәселелерін исламтанушы сияқты түсінбейді. Бұл жерде менің айтқым келгені Қазақстандағы діни медреселерге арналған немесе осы медреселердің ұстаздары қатыса алатын үлкен ғылыми жобалар жасалса. Қазақстандағы діни медреселерге коллеждік дәреже беріліп, оны бітірген түлектер ары қарата сол сала бойынша жоғары оқу орнында білімін жалғастыру мүмкіндігіне ие болса, аталған салаға келетін кадрлардың сапасы артар еді. Әрине, сапалы кадр жұмыстың сапалы болуының негізгі шарты. Яғни, республикамыздың Білім және басқа да министрліктер тарапынан бөлінетін жобаларға мешіт пен медресе ұстаздары араласса және діни медреселерге коллеждік дәреже берілсе, Қазақстанда ресми (дәстүрлі) ислам діні өз мүмкіндіктерін молынан көрсетуге мүмкіндік алар еді.

– Әңгімеңізге рахмет!

http://www.maturidi.kz/index.php/kz/2015-03-21-04-47-49/2015-03-21-04-47-51/item/1289-rashid-mukhitdinov-salafi-a-ymyny-taraluyna-koptegen-faktorlar-ykpal-etedi

Шапагат АтырауШапагат Атырау
9 жыл бұрын 5388
0 пікір
Блог туралы